Чекаев Жұмахан Төлеуұлы

Шу аудандық мәслихатының депутаты

Чекаев Жұмахан Төлеуұлының өмірбаяны

Чекаев Жұмахан Төлеуұлы 1963 жылы 06 қыркүйекте Жамбыл облысы Шу ауданы Андреевка (қазіргі Бөлтірік) ауылында дүниеге келген. 1970 – 1980 жылдар аралығында Әлия Молдағұлова атындағы орта мектебінде білім алған. 1980 – 1981 жылдары Алматы қаласындағы № 41 құрылыс училищесін тамамдап, 1981 – 1983 жылдар аралығында әскер қатарында болған. 1984 – 1988 жылдары Шымкет қаласындағы Ауыл шаруашылық техникумын тамамдап, 2006 жылға дейін ауыл шаруашылығының әр- түлі  салаларында жұмыс жасаған. 2006 жылдан қазіргі уақытқа дейін Жамбыл облыстық  «Jambyl» телеарнасында   Шу ауданды бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарып келеді.  2015 жылдан Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.

Жемісті еңбегі үшін 2011жылы Қазақстан Республикасының Президентінің «Алғыс хаты», 2011 жылы Жамбыл облысының әкімінің «Құрмет грамотасы», 2011 жылы «Қазақстан – Тараз» телерадио корпорациясының «Құрмет грамотасы», 2013 жылы Қазақстан Ұлттық арнасының «Алғыс хаты», 2013 жылы Шу ауданы әкімінің «Құрмет грамотасы», 2013 жылы Шу аудандық мәслихатының «Құрмет грамотасы», 2014 жылы «Нұр Отан» партиясы Шу ауданы филиалының «Құрмет грамотасы», 2014 жылы Қазақстан Республикасы бас көлік Прокурорының «Алғыс хатымен», 2015 жылы  Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Шу ауданының тыныс тіршіліктері бойынша түсірілген бірнеше деректі фильмдері мен алғашқы тырнақ алды туындысы  «Аялы алақан» кітабының авторы.

Отбасылы, 1- қыз, 1 – ұл тәрбиелеп отыр.

 

Сайлауалды бағдарлама

Шу ауданы мәслихатының депутаты ретінде ауданымыздың әлеуетін арттыруға сеп болатын жеті бірдей басымдық бойынша жұмыс істеуді көздеп отырмын.

Мен жоғарыда аталған жеті бағытты түгелдей қамти отырып, басымдықты экономикалық тұрақты аймақ, әлеуметтік бағдарланған аймақ, тарихы мен мәдениеті бай аймақ және ашық есеп беретін жергілікті органдар мен қауіпсіз аймақ бағыттарына беруді көздеп отырмын.

Дәлірек айтар болсам, коронавирус пандемиясы кезінде  елдегі ахуал тым шиеленісіп кеткені белгілі. Осыған байланысты, өңірімізбен қатар тұтас ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайы төмендеп, әсіресе, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үлкен салмақ түсті. Әрине, мемлекет тарапынан берілген әлеуметтік көмектің маңызы зор. Десе де, мемлекеттен берілетін көмекті үлестіру барысында басымдықты көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандарға беру жағына мейлінше көңіл бөлу қажет екенін айтқым келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тек пандемия кезінде ғана емес, алдағы уақытта да жалғастыру қажет. Сонымен қатар, аталған көмектерді беруге қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарды да тарту қажет деп санаймын. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ халқы ежелден-ақ ауылдастарына ізет білдіріп, өзара көмектесу жағынан аты шыққан халық. Соның бірден-бір үлгісі ретінде «Асар» деп аталатын керемет дәстүрді айтуға болады. Бұл дәстүр бойынша ауыл тұрғындары бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жасайтын жұмысты өз еркілерімен ақысыз жасап тастайтын. Міне, қазіргі кезде дәл осы дәстүрді одан әрі жаңғыртып, ауылдағы ағайынның хәл-ауқатын арттыруға бағыттау керек.

Бүгінгі таңдағы шешімін күткен түйткілді мәселелердің бірегейі – ғаламтор желісінің нашарлығы екені сөзсіз. Ал, бұл мәселе қазіргі қашықтан оқыту жүйесіне бет бұрған кезеңде одан әрі күрделене түсті. Себебі, шалғай елді мекендердегі мектеп жасындағы оқушылардан бөлек, төменгі сыныпта оқитын балалардың ғаламтор мен қажетті заманауи техникаға қолжетімділігі әлі күнге мазасыз мүйіске айналып отыр. Аталған түйткілдің бүгін-ертең шешіле салуы да екіталай. Сондықтан, қашықтан оқыту жүйесіне тек студенттерді ғана бейімдеп, ал төменгі сыныптағы мектеп оқушыларына дәстүрлі оқыту жүйесін қайта енгізіп, санитарлық талаптарды толық сақтау жағын біріздендіру қажет деп санаймын.

Осы сын-қатерлерге қарамастан, мәслихат депутаттары экономиканы дамытудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыспен қамтуды сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру, біздің ауданда өмір сүру үшін қауіпсіз әрі жайлы ету үшін бар күшін салу қажет.

ТЕЛЕФОН ҚАБЫЛДАУ

+7 (72638) 3-16-78

Баннеры