Қадырбеков Нұржан Амангелдіұлының

№14 сайлау округі бойынша

Шу аудандық мәслихатының депутаты

Қадырбеков Нұржан Амангелдіұлының

ӨМІРБАЯНЫ

 

Қадырбеков Нұржан Амангелдіұлы 1968 жылы 14 тамызда Жамбыл облысы, Шу қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келген. 1975-1985 жылдар аралығында Шу қаласы, Жамбыл атындағы орта мектептен білім алып, еңбек жолын 1985-86 жылдары Шу локомотив депосында слесарь болып бастаған.

1986-1988 жылдары Кеңес әскерінің қатарында болып, Солтүстік кавказ әскери аймағындағы әуе қорғанысының зенитті-ракеталық әскери құрамында азаматтық борышын өтеген.

1989-1995 жылдары Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде «Орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің филолог-оқытушы» мамандығы бойынша жоғары білім алған.

1995-2000 жылдары Қарағанды қаласында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.

2000 жылдан бүгінгі күнге дейін «Шу аудандық баспасы» ЖШС-нің «Шу өңірі»-«Шуская долина» аудандық басылымында тұрақты қызмет етіп келеді. Тілші, редактордың орынбасары және 2014 жылдың қараша айынан «Шу аудандық баспасы» ЖШС-нің директор-бас редакторы қызметін атқарып келеді.

Қазақстан Республикасы Журналистер одағы мен «Нұр Отан» партиясының, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы саяси кеңесінің және жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қоғамдық кеңестің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Отбасылы бар, үш бала тәрбиелеп отыр.

 

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму»-атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан, «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол»-атты мақаласынан және басқа да мемлекеттік тапсырмаларынан туындаған мерейлі міндеттерді жүзеге асыруға өзіндік үлес қосуымды азаматтық адал борышым деп санаймын.

Сайлаушыларымның талап-тілегін, мұң-мұқтажын, ұтымды ұсыныстарын өкілетті органдарға жеткізіп, оның орындалуын бақылауға аламын. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген отбасыларды, қарттарды және жалғызбасты жандарды анықтап, оларға қолдан келгенше көмек көрсетуге аянбаймын. Бұл мақсатқа байланысты атқарылған демеушілік дәстүрді кеңінен насихаттаймын.

Тұрғындарды толғандырып жүрген түйіні шешілмеген мәселелердің әлі де көп екендігі жасырын емес. Атап айтқанда, қоршаған ортаның жағдайы, жол сапасының төмендігі, табанжолы мен көшелердегі түнгі жарықтың болмауы және тағы басқалары да алаңдатады. Егер мен аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған жағдайда осы мәселелердің жүйелі шешілуіне табандылық танытамын.

Біздің көпұлтты республикамыз қарышты дамып келеді. Әрбір қазақстандық әлеуметтік-экономикалық проблемаларды жүйелі шешуге белсене атсалысса, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халқымыздың әл-ауқатын биіктерге көтере беру жолындағы тапсырмаларының түпкілікті орындалатынына сенімдімін. Әлемдегі өркениетті отыз елдің қатарына қосылу мақсатындағы стратегиялық маңызы зор міндеттерді кеңінен насихаттай беруге күш саламын. Бұл саясатты жүйелі жүзеге асыру халқымыздың әл-ауқатын одан әрі көтеруге қызмет етеді.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттерді баспасөзде қатаң әшкерелеуге көп күш саламын.

Ұлттар достығы мен жарасымының баянды салтанат құра беруіне қандай шаралар өткізу қажет болса, бар күш-жігерімді жұмсаймын.

ТЕЛЕФОН ҚАБЫЛДАУ

+7 (72638) 3-16-78

Баннеры